Семейдегі құрылыс жұмыстарының қарқыны тексерілді

Семей
Фото: Абай облысы әкімдігі

СЕМЕЙ. KAZINFORM - Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласындағы нысандарды кезекті мәрте аралап, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.

Аймақ басшысы алдымен жөндеу жүргізіліп жатқан ЦТП-66-ға барды. Жоба шеңберінде ұзындығы 1,9 шақырым кварталішілік жылу желісін қайта жаңғырту және орталық жылу пункті ғимаратына жылу-механикалық құрылғы орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Семей
Фото: Абай облысы әкімдігі

«Қазіргі таңда жылу желісінің 80%-ына демонтаж жасалып, 760 метрі төселді. Қайта жаңғырту жұмысы кестеге сәйкес орындалуда. Семейде 52 төсек орынға есептелген облыстық аурухана базасындағы балалар бөлімшесінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс алаңы 1 420 шаршы метрді құраса, жалпы ауданы – 2 216 шаршы метр», - деп хабарлады облыс әкімдігінен.

Аталған ғимараттың көлемі 10 880 текше метрге жетеді. Жаңа балалар бөлімшесінде қуаты 1,5 тонна магнитті-резонанстық томограф, рентгендік диагностикалық аппарат және оңалту жабдығы орнатылады. Нысанның құрылысын «СемKZ» ЖШС жүргізеді. Биыл Бейбітшілік аралында да ауқымды жұмыстар басталды. Негізгі міндеттердің бірі – балалар теміржолын қалпына келтіру. Жоба жаздың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. 

Семей
Фото: Абай облысы әкімдігі

«Біз жайлы және қауіпсіз орта құру арқылы, әрбір тұрғынның өмір сүру жағдайын жақсартуға тырысамыз. Барлық жоба менің бақылауымда. Жұмыстардың жоспарға сәйкес орындалып жатқанына көз жеткізу үшін үнемі тексеріп отырамын. Семейдің заманға сай дамуы маңызды», - деді Нұрлан Ұранхаев.

Облыс әкімі тиісті бөлімдер мен мердігерлерге жұмыс қарқынын жеделдетіп, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар
telegram