Семейдегі ірі сауда үйіндегі өрт: кәсіпкерлерге қандай көмек берілді
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басында Семейдегі ірі сауда орталықтарының бірінде өрт шығып, соның салдарынан көптеген кәсіпкер табысынан айырылды. Бұл тұрғыда Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев зардап шеккендерге арналған қолдау іс-шаралары туралы айтты.
Өңір әкімінің айтуынша, қазір тергеу амалдары жүріп жатқандықтан, ғимарат қоршалып, жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Сонымен қатар, сараптама жасалып, ғимараттың 40 пайызға жуығын қайта салу қажет екені анықталды.
«Ал осы базардағы бутиктер мен орындарды жалға алғандарға тоқталсақ, екінші деңгейлі банктерге несие төлеу мерзімін кейінге қалдыру туралы бізге бастапқыда 212 адам хабарласты. 39-ы бойынша оң шешім қабылданып, екеуі бойынша келісім берілмеді. Қалған кәсіпкерлер өтініш бермеді. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз», - деді Нұрлан Ұранхаев.
Оның сөзіне қарағанда, кәсіпкерлерге қаладағы базарлар мен сауда орталықтарында арнайы орындар берілген. Бұл тұрғыда олар үшін жалға алу құны сәл төмендеу болады.
Еске салсақ, қалада киім-кешек саудаланатын ең ірі сауда орнында 6 желтоқсанда таңғы сағат 3.00 шамасында өрт шыққан еді. https://kaz.inform.kz/news/semeyde-r-sauda-uyndeg-ort-sondrld-2b484d/
Осыдан кейін Семей қаласындағы ірі «Ақшың» сауда орталығындағы өртке қатысты жағдай ҚР Үкіметінің және облыс әкімінің жеке бақылауына алынды.
Тауары бүлінген кәсіпкерлерге көмек көрсету үшін арнайы штаб құрылды.