Семейдегі «Бейбітшілік» аралында табиғи саябақ салынады

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдегі Ертіс өзенінің ортасындағы «Бейбітшілік» аралына табиғи саябақ салу жоспарын «QazaqGeography» РҚБ басқарма төрағасы Орман Нұрбаевпен бейнебайланыс арқылы талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейдегі «Бейбітшілік» аралында табиғи саябақ салынады

Жобаның негізгі мақсаты – экотуризмді жақсарту. «Бейбітшілік» аралына табиғи саябақ салу арқылы түрлі өсімдік отырғызылып, сирек кездесетін құстардың алуан түрін көбейту көзделіп отыр.

Табиғи саябақта география, мәдениет, өлкетану, экологиялық туризмге арналған орындар бой көтереді. Сондай-ақ, қарияларға арналған арнайы аумақ пен құстарды тамашалауға болатын бұрыштар да салынады.

«Ландшафты дизайн арқылы қаламызды көркейту – құптарлық іс. Біз экоурбанизмді дамыту үшін де ынтымақтық орнатуға дайынбыз. Табиғи саябақ салуға қажетті арнайы орындар жеткілікті», - деді Нұрлан Ұранхаев.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Семейдегі аспалы көпірдің астына жаңа демалыс орны салынатындығы хабарланған болатын.