Семейдегі ет комбинатының жері шетелдіктерге сатылатыны рас па – әкім жауабы
«Сіз брифинг кезінде облыстағы тарихи орындар туралы айтып өттіңіз. Мен зооветеринарлық институт пен ет комбинаты, жүн-тері фабрикасы сияқты ірі кәсіпорындар туралы сұрайын деп едім. Олар қытайлық бизнесмендерге сатылады деген әңгіме айтылып жүр. Фейк пе, фейк емес пе, соны айта кетсеңіз», - деп сұрады БАҚ өкілі.
Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, зооветеринария институты ғимаратын қалпына келтіру мүмкін емес.
«Зооветеринарлық институт туралы айтсақ, бірнеше рет зерттеу жүргіздік. Кейінгі жолы жеке өзім ҚазҚСҒЗИ мамандарын тартқанмын. Олар бізге нақты қорытынды берді. Ол қорытынды бойынша ғимаратты сақтап қалу мүмкін емес, өкінішке қарай. Ғимарат иесімен сөйлесіп, қабырғаларының бірін естелік үшін қалдыруды сұрадық. Басқа мүмкіндігі жоқ. Жауын мен желдің өтінде өте көп тұрып қалған», - деді ол.
Әкімнің сөзінше, ет комбинатының орнын шетелдіктерге сату мүмкін емес.
«Бұрын Семейде тұрған болсаңыз білетін шығарсыз. Ол комбинаттың орнында сатуға жарамды ештең жоқ деп ойлаймын. Ал ол аумақтағы жер телімінің иесі бар. Біздің заңды білетін болсаңыз, жерді шетелдіктерге сату мүмкін емес», - деді аймақ басшысы.