Семейдегі кәсіпкер сертификатсыз ойыншық импорттағаны үшін 111 рет айыппұл төлеген

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті камералдық бақылау нәтижесі бойынша шартты шығару режімінде сәйкестікті бағалау рәсімі жоқ кең қолданыстағы тауарларды, яғни ешбір сертификатсыз және декларациясыз балалар ойыншықтарын, азық-түлік өнімдерін импорттауға қатысты 32 деректі анықтады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлайды.

 Семейдегі кәсіпкер сертификатсыз ойыншық импорттағаны үшін 111 рет айыппұл төлеген

Сертификация жасалмаған тауарлар техникалық реттемелердің талаптарына сәйкес келмейді, сондықтан тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, делінген хабарламада.

Заңнаманы бұзушылардың тізімі Комитеттің сайтында Камералдық бақылау бөлімінде жарияланған.

«Ең көп заң бұзушылардың арасында Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының кәсіпкері Ярослав Андреевич Курбатов бар. Ол тауарды кіргізіп, шартты түрде шығарылған тауарларды (балалар ойыншықтары) өз бетінше саудалап келген. Осыған орай, Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті 111 рет әкімшілік жауапқа тартты (2015 жылы 55 рет және 2016 жылы 56 рет әкімшілік айыппұл төледі)», - деп көрсетілген хабарламада.