Семейдегі «керосин көлімен» кім күреседі екен? - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 15-і, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

«Қосып ажыратудан пайда бар ма?». Тап осындай тақырыппен «Айқын апта» басылымы бүгінгі санында көлемді мақала жариялапты. Мақала авторының айтуынша, Ұлттық банк пен Қаржы бақылау агенттігін біріктіру туралы ұсыныс бір жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Астанада өткен үшінші экономикалық форумда бұл мәселе қайта көтерілді. «Естеріңізде болса өткен жылы екі мекемені біріктіріп, қаржы нарығын бақылау жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты Қайрат Келімбетов көтерген болатын. Келімбетов сол пікірінен әлі айныған жоқ. Әйтсе де оның бұл ұсынысы қаржы реттеушілерге онша ұнай қоймады. Мұны ашып айтпаса да Г.Марченконың емеурінінен сезген болатынбыз», дейді мақала авторы. Аталмыш қаржы құрылымдарын біріктіру еліміз үшін неге қажет болғанын және бұл бастаманың қаншалықты өміршең екендігін «Айқын апта» басылымының бүгінгі санынан оқуға болады.

Сондай-ақ аталмыш басылым 2012 жылы дағдарыстың екінші толқыны болуы мүмкін деп болжам жасап отыр. Басылым тілшісінің айтуынша, әлемдік экономикадағы жағдайды сарапқа салған экономист мамандар 2012 жылы дағдарыстың екінші толқыны соғуы мүмкін. Ал оның салдары 2007 жылғы дағдарыстан әлдеқайда күшті болады деп болжап отыр. «Дәл осы болжамды естіп білгендіктен болар, таяуда халықаралық валюта қорының басшысы Доменик Стросс-Кан мырза мәлімдеме жасап, «2012 жылы дағдарыстың екінші толқыны соқпайды» дегенді айтып салды. Біздің бір байқағанымыз - лауазымды тұлғаның мәлімдемесі нанымды шықпағаны. Ол да бірдеңеден сезіктенетін сияқты», деп жазады мақала авторы. Дағдарыстың екінші толқынының соғу мүмкіндігі қаншалықты рас екендігін және оған себеп болуы мүмкін салдарлар жөнінде «Айқын аптаның» бүгінгі санындағы «Дағдарыстың екінші толқыны бола ма?» атты мақаладан оқуға болады.

***

«Алаш айнасы» басылымы құзырлы органдар жеделдетіп қолға алмаса құдықтан су емес керосин шығуы мүмкін деп дабыл қағуда.

Басылым тілшісінің хабарлауынша, Семей экологтары елдің ертеңіне алаңдаулы. Өйткені осыдан 40 жыл уақыт бұрын жер астына сіңген керосиннің Қазақстанды қойып, көршілес мемлекеттерге де залалы тиюі мүмкін. «Семей маңында бұрын ескі әскери аэродром болған. Керосин көлі содан қалған «мирас». Сол кезде әуежай маңындағы әскери бөлімше қарамағында жер астына көмілген авиациялық цистернаның тесілуі салдарынан ондағы 6 мың тоннадан астам керосин бірте-бірте жер астына сіңіп кеткен. Ол 70-ші жылдардың тұсында болған еді. Сол кезден бастап, ол жердің қойнауы керосинді көлге айналған», деп жазады мақала авторы.

Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, әлемде жүйкесі жұқа адамдар саны көбейіп барады. «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сенсек, халықтың 25 пайызы психикалық бұзылулардан зардап шегеді екен. Бүгінгі таңда елімізде психикалық сауықтыру саласында 3 республикалық, 33 психиатриялық, және 31 наркологиялық ұйымдар қызмет көрсетеді. «Соңғы он жылдағы ауру-сырқау көрсеткішінің көбеюі негізінен ақыл-есі кем, органикалық психикалық науқастар есебінен туындап отыр», дейді мамандар

деп жазады басылым. Аталмыш мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында жарияланған «Жүйкесі жұқалар көбейіп барады» атты мақаладан жан-жақты қанығуға болады.

***

«Астана ақшамы» басылымының жазуынша, 2009 жылы елордада жасөспірімдер саны 149 мың 797-ге жеткен. Олар жылдың 9 айын мектепте өткізетін болса, қалған үш айы жазғы демалыстың еншісінде. Ал осы үш айды қайда өткізу керектігі жөніндегі сұрақ ата-аналар үшін үлкен мәселеге айналып отырғанға ұқсайды. Елордада көптеген аула клубтары бар. Онда спорттық секциялар мен көркемөнер, би, өлкетану үйірмелері жұмыс істейді. Алайда осы аула клубтарының көпшілігі мектеп ішінен ашылғандықтан жаз мезгілінде көптеген мамандар жазғы демалысқа кетіп, клубтар жабылып жатады. Ал бұл клубтар оқушалардың бос уақыттарын өткізуге арналған. Бұл мәселе жөнінде «Астана ақшамының» бүгінгі санындағы «Аула клубтарының ахуалы» атты мақаладан оқуға болады.

***

«Нұр Астана» басылымы қазақ қыздарының болашағына алаңдаулы. «Қазақ қыздарының тұрмысқа шықпай бала көтеруі, оны құрсағында тұншықтырып, жасанды түсік жасатуы секілді келеңсіздіктер күн

санап көбейіп барады. Бұл жағдай баршаны алаңдатып отыр. Соңғы онжылдық көлемінде елімізде кәмелеттік жасқа толмаған қыздар арасында жасанды түсік жасатушылар қатары көбейіп кеткені белгілі болып отыр. Бұрын гинеколог-дәрігерлер жоғары оқу орындарындағы қыздарға дәріс оқыса, қазір олар мектептерге де баруға мәжбүр», деп жазады басылым. Мақала авторы келтірген деректерге қарағанда, 2009 жылы әлемде 30 миллион жасанды түсік жасалса, оның 300 мыңы Қазақстанға тиесілі екен.

***

«Қазақстанның сыртқы жалпы қарыздары биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 1 миллиард долларға төмендеп, наурыз айының соңында 110,7 миллиард долларды құрады. Сондай-ақ банктердің қарыздары да 3,9 миллиард долларға төмендеп, өзге секторлардың қарыздары керісінше 2,5 миллиард долларға артты. Аталмыш өсім фирмааралық қарыздардың салдарынан болып отыр», деп жазады «Казахстанская правда» басылымы. Еліміздің қаржы саласында осы тектес өзгерістер жөнінде аталмыш басылымның «Банки снижают долги» атты мақаласынан оқуға болады.

***

«Известия» басылымының жазуынша шілденің 3-і күні Қазақстанда сүт өнімдеріне деген талапты күшейтетін қаулы күшіне енді. Енді сүт құрғақ сүт өндірушілерге сүтінің құрғақ екенін тауардың беткі жағында жазып көрсетулері керек. Бұл ретте жазудың шрифті сүттің атауы жазылатын шрифтпен бірдей болуы қажет. Мұндай шара тұтынушылардың қандай сүтті қолданып отырғандығынан хабардар етіп отыру үшін қолға алынған. Мұны «Известия» басылымындағы «Маркировки по новым правилам» атты ақпараттан оқуға болады.

Соңғы жаңалықтар