Семейдегі қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығына көмек көрсетілді
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейдегі қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығының материалдық-техникалық базасы жаңартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Абай облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, мекемеге дезинфекциялық камера, тұрмыстық техника, ыдыс-аяқ пен жұмсақ жиһаз сатып алуға 10 млн теңге бөлінді.
Орталықтың 4 бөлмесі ас үй жабдықтарымен толығымен жабдықталды. Бұл жерде балалар тамақ дайындаудың негізгі дағдыларын меңгере алады. Сонымен қатар, орталықта демалуға арналған бөлмеге қажет жиһаздар сатып алынды.
Бүгінде қолдау орталығында 79 тәрбиеленуші бар.
Айта кетейік, 2022 жылғы желтоқсан айының соңында «Ақ Ертіс» қоры Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың бастамасымен Семей қаласында алғашқы қайырымдылық балл өткізген. Облыстағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау орталықтарына көмек ретінде 35 млн теңгеден астам қаражат жиналды.


