Семейдегі орман өрті шығынын арнайы комиссиясы есептейді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Абай облысындағы алапат орман өртінен келген шығын көлемін арнайы комиссия есептеп, тексереді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Jibek Joly телеарнасына берген сұхбат барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Арнайы комиссия құрылады. Үлкен жұмыс күтіп тұр, біз оны мүмкіндігінше қысқа мерзімде жасаймыз. Тиісті комиссия жұмысына өрт сөндірілгеннен кейін кіріседі. Себебі өрт әлі ауыздықталған жоқ. Десекте қазірдің өзінде шығынның ауқымды болатынын аңғаруға болады. Семей орманындағы өрт еліміздегі ең ірі табиғи апаттың бірі шығар», - деді Зүлфия Сүлейменова эфир кезінде.
Айта кетсек, Абай облысындағы орман өрті фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінен мәлім еткендей, өртке қатысты тергеу Қылмыстың кодекстің «абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша жүргізіледі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, сарапшы Семей орманын қалпына келтіруге кем дегенде 30-40 жыл уақыт керек екенін айтты.
Еске сала кетейік, ертең елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Мемлекет басшысы тиісті өкімге қол қойды.