Семейдегі өртті рациямен ескерткенде адам өлімі болмас еді – депутат
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Семей орманындағы өрт туралы пікірлерін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Jibek joly телеарнасына сілтеме жасап.
Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров апатты жағдайларда жеке жауапкершілік алу – үлкен мәселе екенін айтты.
«Егер біз осындай мемлекеттік қызметке келген екенбіз, жеке жауапкершілік алуды үйренуіміз керек. Заңдық деңгейде барлық мәселе қарастырылған. Бұл жердегі мәселе – тек қана орындауда, жеке жауапкершілік алуда. Әркім өзіне қатысты мемлекеттік функцияны орындап отырғаннан кейін мойнына жауапкершілік алу керек», - депутат Бекбол Орынбасаров «Жаңа уақыт» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасында.
Тағы бір Сенат депутаты Ольга Булавкина – сол өңірдің тумасы. Ол апаттың алдын алуға, адамдарды аман алып қалуға болатынын жеткізді.
«Өрт кезінде бірнеше бригада шықты. Қаза тапқан топқа өрттің соларға қалай өрлеп бара жатқаны жайында дер кезінде хабарланбаған. Аталған аумақты алсақ, өрт сол жақтан шарпыса, бригада оң жақта жоғары беттен келе жатқан. Бірақ жел бағыты ауысып, тура орманшыларға лап берген. Егер соны алдын ала рациямен ескерткенде, құтқарылар еді. Тіпті тікұшақ та болған ғой, оны да көтермеген», - деді О. Булавкина.
Айта кетейік, Семей орманына қаншалықты залал келгенін өрт толық сөндірілген соң арнайы комиссия есептейтін болады.
Қазіргі уақытта Абай облысында өртті сөндіру үш бағытта жалғасуда (оңтүстік, батыс және шығыс жиектер). Шығыс бағытта ауыр техникамен минералданған жолақтар жасау жұмыстары жүргізілуде.