Семейдегі радиологиялық орталықтың радиоактивті қалдықтар сақтайтын жабдықтары талапқа сай емес - Дүйсенова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Семейдегі радиологиялық орталықтың радиоактивті қалдықтар сақтайтын жабдықтары талапқа сай емес. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
«Дайындық деңгейі 70 пайыздан да төмен 6 нысан бар. Оның біріншісі Семей қаласындағы өңірлік онкологиялық диспансердің Радиологиялық орталығы. Бұл нысан құрылысы 100 пайыз аяқталған деуге болады. Бірақ онда бір проблема бар. Ол - радиоактивті қалдықтарды жинау және сақтауға қойылған құрал-жабдықтың белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі. Бұл мәселеде біз Даниал Кенжатайұлымен (ШҚО әкімі) тығыз жұмыс істеудеміз, сот тексеруі аяқталып келеді. Сот аяқталғаннан кейін біз бұл нысанды қабылдауға және онкологиялық ауруларды емдеуге пайдалануға дайын боламыз»,- деді министр.
Оның айтуынша, Ақтаудағы ана мен баланы қорғау өңірлік орталығына да технологиялық құрал-жабдықтар жеткізілмеген. Мұнан бөлек, дәл осы қаладағы онкологиялық диспансерге қажетті медициналық техникалардың қымбаттауына байланысты жобалық-сметалық құжаттамасы түзетілуде.
«Бұған қоса, салынып жатқан дәрігерлік амбулаториялардың сапасына қатысты сын да бар. Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстарында қазірдің өзінде ертеректе жасалған келісімшарттар сот шешімімен бұзылды. Бүгін қалған жұмыстарды орындайтын мердігер ұйымдар анықталды. Алматы бойынша да жобалық-сметалық құжаттарды түзету жүргізілуде», - деді Дүйсенова.