Семейдегі трактор құрастыратын кәсіпорын қызметкерлерінің 96 пайызы вакцина алған
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы «СемАЗ» ЖШС еңбек ұжымының 96 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина алды. Бұл жайлы ҚазАқпарат тілшісіне компания директоры Марат Макишев айтып берді.
Ауыл шаруашылығы техникалары мен жүк көліктерін құрастыратын кәсіпорын 2006 жылы ашылған. Бүгінгі таңда онда 352 адам жұмыс істейді.
«Еңбек ұжымының 96 пайызы, яғни 338 адам жұқпалы дертке қарсы вакцина салдырды. Жұмыста маска режимі мен басқа да карантин талаптары қатаң сақталады. 8 адамда екпеге қарсы медициналық көрсетілімдер бар. Қызметкерлер өздерінің және жақындарының қауіпсіздігі үшін вакцина алу қажеттігін түсінген», - дейді Марат Макишев.

Оның айтуынша, коронавирус пандемиясы басталғалы бері компанияда шектеу талаптары қатаң бақылауда. Вирус жұқтыру көрсеткіші күрт өсіп, Семей қаласы «қызыл аймаққа» енген тұста бірнеше бөлім онлайн форматта жұмыс істеуге ауысқан.
«Бұл індетті жеңудің жалғыз амалы – вакцина болып отыр. Әлемнің ең дамыған елдерінде халық жаппай екпе алуда. Соның арқасында карантин шектеулері жеңілдетіліп, тұрғындар бұрынғы өмір салтына көшуде. Қазақстанда да коронавирус жұқтырғандар азайсын десек бәріміз вакцина салдыруымыз керек», - дейді ЖШС директоры.