Семейдегі ядролық медицина орталығында биыл 106 науқас емделді

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы ядролық медицина орталығында 106 науқас емделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейдегі ядролық медицина орталығында биыл 106 науқас емделді

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметінше, Семейде еліміздегі жалғыз ядролық медицина орталығы жұмыс істеуде. Бірегей медициналық мекеме онко және кардио ауруларын әлемдік деңгейге диагностикалау мен емдеуді жүзеге асырады. Бүгінгі таңда радионуклеидті терапия бөлімінде 106 науқас емделіп, 378 пациент диагностикалық зерттеулерден өтті.

«Орталық дәрігерлері компьютерлік томографпен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томограф арқылы диагнозды және емдеуді сәуір айынан бастады. 50 минут ішінде науқас толық диагностикадан өтеді. Дәрігерлер бұл арқылы аурудың негізгі орнын ғана емес, енді дамып келе жатқан ауруды да көре алады. Бүгінгі таңда дәрігерлер қаңқа, бүйрек, қалқанша безінің диагнозын сәтті жүргізуде. Орталықтың 6 мыңға дейін науқасты қабылдау қабілеті бар», - делінген хабарламада.

Радиоактивті изотоптармен жүргізілген зерттеулердің дәлдігі қатерлі ісік ауруын ерте сатысында анықтауға, онымен тиімді күрес жүргізуге көмектеседі.