Семейдегі «жаңа көпірді» жапондардың өзі жөндейді деп ойлаймын – облыс әкімі
«Қаладағы ескі авто-жүк көлік көпірі туралы айтсақ, жағдайын білесіздер. Зерттеуден кейін шектеу қойылған. Салмағы 2,5 тоннадан аспайтын көлік қана жүруге болады. Келешекте оны жаяу жүргінші көпірі етуді жоспарлап отырмыз. Жанынан былтыр жаңа көпірдің құрылысы басталған. Бүгінгі таңда инженерлік желілерді тарттық. Шәкәрім даңғылында көп жер қазылды. Биылға бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінді. Қазір көпір тірегінің құрылысына дайындық жүріп жатыр. 2025 жылға дейін көпірді салып бітіруіміз керек», - деген әкім ел арасында «жаңа көпір» аталып кеткен аспалы алып көпірдің жағдайына да тоқталды.
«Былтыр жапондар келіп, зерттеу жүргізді. Қазір техникалық тапсырма бар. Не істеу керектігін түсініп отырмыз. Техникалық тапсырма негізінде Семей қаласы әкімдігі жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеп жатыр. Сол біткен соң жұмыс қолға алынады. Бұл жерде көпірдің қаңқасы ғана емес, бетіндегі асфальт жабыны да жөнделеді. Жыл сайын асфальт жаңаланғанымен дірілдің кесірінен бүліне береді. Сондықтан бұл жұмыстың бәрін осыған дейін айналысқан жапониялық компания атқарады деп ойлаймын. Нақты кім екенін айта алмаймын. Өйткені конкурс қорытындысы анықтайды. Бірақ жапониялық мамандармен сөйлесіп отырмыз. Бірнеше рет сөйлестік, орынбасарларым, тиісті басқарма басшылары, өзім де байланыстамын. Жыл аяғына дейін жобалау-сметалық құжаттамасын бітірсек, келесі жылы жөндеу жүргіземіз», - деді Нұрлан Ұранхаев.