Семейдегі жылыту қазандықтары қыркүйектің ортасына дейін жаңартылады
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – ШҚО әкімі Даниал Ахметов Семейдегі жылыту қазандықтарын қайта жаңарту жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жөндеу жұмыстары қыркүйек айының ортасына дейін аяқталады деп жоспарланған. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің айтуынша, осылайша 1 млрд теңгеден астам қаражат игеріледі.
«Келесі жылға жоспарлаған модернизациялауды биыл аяқтау үшін тағы бір млрд теңге бөлінеді. Соның нәтижесінде Орталық қазандығына қосымша 20 Гкал беріледі. Негізгі міндет – жылу желілерін реттеу және гидравликалық режимді сақтау», - деді ол.
Облыс әкімінің сөзінше, жылу беру және кері қайтарылымдағы қысымның төмендеуі техникалық нормативтерге сәйкес болуы керек.
«Бұл мәселемен «Теплокоммунэнерго» мекемесі және қала әкімдігі айналысуда. Соңғы жылдары алғаш рет барлық қалпына келтіру жұмыстарын жаңа жылға дейін аяқтаймыз. Бұл бізге қаланың жылу режимін ретке келтіруге мүмкіндік береді», - деді Даниал Ахметов.
