Семейдің «оң жағалауында» 118 Гкал жылу тапшылығы бар

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингісінде Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласының жылу мәселесі қалай шешіліп жатқанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Инфрақұрылымдық сипаттағы проблемаларды шешуге ерекше назар аударылып келеді. Ең маңызды мәселелердің бірі – жылумен жабдықтау. Семей қаласының оң жағалауында 118 Гкал жылу энергиясының тапшылығы бар. Жылу қуатын 40 Гкал-ға ұлғайту мақсатында «Ғаббасов» және «Орталық» қазандықтарын қайта жаңарту жүргізіліп жатыр», - деді әкім.

Әкімдіктің дерегі бойынша, облыстағы 455,2 шақырым жылу желісінің 63,8% тозған.

«Жылу желілерінің тозуы – саланың басты проблемаларының бірі. Желінің шамамен 290 шақырымы қайта жөндеуді қажет етеді. Қаланы жылумен жабдықтау мәселесін шешу үшін 2023-2024 жылдары облысты дамытудың кешенді жоспарына жылу көздерін қайта жаңғырту бағытында 11 жоба, желілерді жаңғыртудың 19 жобасы енгізілді. Оларды іске асыруға республикалық бюджеттен 150,4 млрд теңге қажет. Инвесторлар есебінен 23 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бюджет қаражатынан 2,2 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді. Жобалардың сметалық жалпы құны 105,5 млрд теңге. Үкіметпен бірлесіп аталған жобаларды іске асыруға бюджеттен қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр. «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы жылу-электр орталығы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстарын бастады. Ол жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», - деді Нұрлан Ұранхаев.


Соңғы жаңалықтар