Семейлік оқушылар туристерге арналған мобильді қосымша ойлап тапты
Мобильді қосымша үш тілде қызмет көрсетеді. Туристер өз ой-пікірлерін де қалдыра алады.
«Мұнда Абай облысындағы киелі жерлер туралы толық мағлұмат бар. Ең бастысы, туристер олардың орналасқан жерлерін тез таба алады. Мәселен, мейрамхана деген мәзірді басса барлық мейрамхана көрсетіледі», - дейді Семейдегі №7 мектептің 9 «б» сынып оқушысы Нұрлыхан Маратов.
Мобильді қосымшаның тағы бір ерекшелігі, қазақ тілін де үйренуге болады. Абай Құнанбайұлының өмірбаянымен танысып, өлеңдерін оқуға да мүмкіндік бар.
«Біздің облыстың ерекшелігі неде ? Қандай тарихи орындар бар ? Мақсатымыз – туристер Абай облысы туралы терең білсе, құнды мәліметтер алса, ерекше әсерге бөленсе дейміз. Әрине, қазақ тілін үйреніп жатса, құба-құп», - дейді 9 сынып оқушысы Темірлан Темірбаев.
Нұрлыхан Маратов пен Темірлан Темірбаевтың ойлап шығарған мобильді қосымшасы «HACKATHON-2023» республикалық хакатонына қатысып, бас жүлде иеленген.
Оқушылардың айтуынша, алдағы уақытта қосымша жетілдіріліп, барлық платформаға жүктеледі.
