Семейлік тәртіп сақшылары 18 жыл бұрын жол полициясы қызметкерін өлтіргендерді ұстады
АСТАНА. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Семейлік тәртіп сақшылары осыдан 18 жыл бұрын полиция қызметкерінің өліміне себепші болған қылмыстық істі ашты. Бұл туралы бүгін апталық брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтерінше, тәртіп сақшылары Семей қаласының тұрғынын ұстап, ол 1992 жылы жол полициясы қызметкерін өлтіргендігін мойындаған. Сол жылы Семей қаласынан ВАЗ автокөлігі ұрланып, келесі күні Жол полициясының инспекторы Қанат Тегененов кезекшіліктен оралмаған. Ал осы оқиғадан соң он күннен кейін Ертіс өзенінен оның денесі табылып, кісі өлтірді деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. «Қаңтардың 15-і күні тәртіп сақшылары 42 жасар азаматты ұстап, ол полиция қызметкері өлген күні өзінің серігімен ұрланған көлікті мініп келе жатқанда өздерін жол полициясының қызметкері тоқтатқандығын айтты. Жанындағы серігі полиция қызметкерін әңгімеге алдандырып тұрғанда, қылмыскер тәртіп сақшысын көлік жөндеуге арналған темірмен бастан ұрып құлатқан. Бұдан соң қылмыскерлер өлікті қаланың сыртына шығарып, шешіндіріп, суға тастаған. Қазір осы іске қатысы болуы мүмкін барлық азаматтар анықталып, жауап алынуда», деді департамент бастығы.
Сондай-ақ оның айтуынша, өткен жылы желтоқсан айының 20-ында Қарағанды қаласының орталық полиция бөлімінің жедел уәкілін өлтіріп кеткен. Қаңтардың 16-сы күні осы іске қатысы болуы мүмкін қаланың үш тұрғыны ұсталды. Олардың біреуі бұрын да бірнеше рет сотталған болып шықты. Ұсталғандар «Петролеум» түнгі клубында болған жанжалдан соң осындай кісі өлтіргендерін мойындаған. «Олар жедел уәкілді өздерін қорлаған азаматпен шатастырып, көлікке мініп, аңдыған және полиция қызметкерін май құю стансыларының бірінің жанында өлтірген», деді Қ.Жұманов.