Семейлік ұстаздар мен оқушылар Мәжіліс депутатымен кездесті

АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Семей қаласының орта мектептерінің ұстаздары және оқушыларымен кездесті.

Семейлік ұстаздар мен оқушылар Мәжіліс депутатымен кездесті

Айта кету керек, Сабильянов мырза мұғалімдер мен оқушыларды Астананы, оның көркем де әсем орындарын, соның ішінде халық қалаулысының жұмыс орны - Парламент Мәжілісін көріп қайтсын деген оймен шақырған.

Бұл оқиға балаларға үлкен әсер етті. Кездесу барысында ұстаздар, оқушылар мен олардың ата-аналары елордада қандай ғажаптарды көргенін, алдағы мақсаттары мен ойларын айтып берді. «Мен Бәйтерек кешенін, Президенттік мәдени орталығын және тағы басқа әсем ғимараттарды көргеніме бақыттымын. Маған Астанамыз өте ұнады», - деп 6 сынып оқушысы Әліжан Әнуарбеков өз қуанышымен бөлісті.

Оқушылар алған әсерлерін жеткізді. Әсіресе, Отан-Ана монументін көргенде бойларына рух алғанын жеткізді. Ал мұғалімдер мен ата-аналар бір ауыздан: «Бұл сапар балаларға тек ғана көңілді әрі қуанышты болып қана қойған жоқ, олардың келешегіне, ой-саналарына және де азамат болып қалыптасуына зор ықпал ететіні сөзсіз»,- деді.

Сонымен қатар, ұстаздар депутатқа арнайы хатты табыс етіп, білім саласының мәселелеріне көңіл аударуын өтінді.

Кездесуден кейін Мәжіліс ғимараты бойынша экскурсия өтті. Балалар қос Палатаның бірлескен отырыс залын, ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырыс залын, Баспасөз орталығын және депутаттың жұмыс кабинетін көруге мүмкіндік алды.

Парламентші мен балалардың ұмытылмас кездесуі фотосуретке түсумен және ізгі ниет білдірумен аяқталды.