Семейліктерге ұшақ пен пойыз билетіне жеңілдік берілетіндігі жалған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұрынғы Семей облысының аумағында дүниеге келген азаматтарға ұшақ пен пойыз билетін алуға жеңілдігі бар куәлік берілетіндігі туралы ақпарат жалған. Бұл жайында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейліктерге ұшақ пен пойыз билетіне жеңілдік берілетіндігі жалған

"Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі WhatsApp пен электронды пошта арқылы тараған Семей ядролық сынақ полигонына іргелес аумақтағы ядролық сынақтан зардап шеккендерге қалааралық бағытта тегін жол жүруге мүмкіндігі бар куәліктің берілетіндігіне қатысты ақпараттың жалған екендігін тағы да ескертеді", - деп атап өтеді министрліктен.

Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Заңының 11 бабына сәйкес 1949-1990 жылдары аралығында Семей ядролық сынақ полигонына ірлегес аумақтағы ядролық сынақтан зардап шеккендер аталған заңда көзделген жеңілдіктер мен өтемақы алуға құқық берілетін куәлік алған. Осы уақытқа дейін ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен шамамен 1,1 млн адамға біржолғы ақшалай өтемақы төленді. Төленген өтемақы көлемі 16,1 млрд теңгені құрайды.null

Мұнан бөлек, радиациялық тәуекел аумағында тұратын халықтың аталған Заңға сәйкес жалақыларына қосымша төлемақы алуға және жыл сайын төленетін қосымша демалыс алуға құқығы бар.

Сонымен қатар "ҚР-дағы зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" Заңға сәйкес 1949 жылдың 29 тамызы мен 1963 жылдың 5 шілдесі аралығында кемінде 5 жыл төтенше және барынша радиациялық қаупі бар аумақта тұрған ер-азаматтар 50, ал әйелдер 45 жаста жеңілдікпен зейнеткерлікке шығуға құқылы.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде бұрынғы Семей облысының аумағында дүниеге келген азаматтарға көлік пен ұшақ билетін сатып алуға жеңілдік беретін және жылына бір рет емханада тегін емделуге мүмкіндік жасайтын куәліктер Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан беріліп жатқандығы туралы ақпарат тараған еді.