Семейлік өрт сөндіруші әйелді жанып жатқан пәтерден алып шықты
СЕМЕЙ. KAZINFORM - Бүгін сағат 18:10-да Безымянная көшесінде көпқабатты үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келгенде 10 қабатты тұрғын үйдің 8-қабатындағы пәтерде 5 шаршы метр алаңда жиһаз жанғаны анықталды.
Семей қаласының № 5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы азаматтық қорғау лейтенанты Әлібек Тұрсынбеков жанып жатқан пәтерден 1969 жылы туған әйелді алып шығып, 103 қызметіне тапсырды.
Сонымен қатар, ТЖД күштерімен баспалдақ арқылы түтінді ғимараттан құтқару қалпақтарын пайдаланып 20 адам, оның ішінде 3 бала құтқарылды.
«Өрттің себебі анықталуда. Өрт сағат 18.36-да толығымен сөндірілді. Сөндіру жұмыстарына барлығы 13 адам және 4 техника жұмылдырылды»,-делінген хабарламада.