Сенат агроөнеркәсіп кешені мәселелері бойынша тыңдау өткізеді

Палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, парламенттік тыңдаулар қабылданған заңдардың іске асырылу барысы туралы жан-жақты және толық ақпарат алып, түйінді мәселелерді терең зерделеуге мүмкіндік береді. «Өткен жылы Ұлт жоспары шеңберінде ауыл шаруашылығын жандандыруға бағытталған бірқатар заңдар қабылданды. Ол заңдардың орындалу барысы әрдайым депутаттардың назарында болуы қажет. Сонымен қатар, еліміздің Еуразиялық экономикалық одақтағы және Дүниежүзілік сауда ұйымындағы мүшелігі жағдайында агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі болып табылады», - деді Қ.Тоқаев. Парламенттік тыңдауды өткізуді ұйымдастыру Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне жүктелді.
Сенат Бюросы жоғарғы Палатаның 2016 жылғы 18 ақпанда болатын кезекті отырысының күн тәртібін келісті.
Сенаторлар Қазақстан Үкіметі мен Халықаралық көрмелер бюросы арасындағы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты ресми қатысушыларға арналған жеңілдіктер мен преференциялар туралы келісімді; «Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау (идентификациялау) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015 - 2016 жылдары іске асыру туралы келісімді; Қазақстан мен Молдова арасындағы заңсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы үкіметаралық келісімді және осы келісімді іске асыру бойынша атқару хаттамасын; Қазақстан мен Ресей арасындағы Сары-Шаған сынақ полигонын пайдалану мен жалға беру шарттары және Приозерск қаласының тіршілік әрекетін қамтамасыз ету туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы; Қазақстан мен Ресей арасындағы Сарышаған сынақ полигонын жалдау туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы үкіметаралық хаттаманы; Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау туралы заңдар жобаларын талқылайды.
Бюрода сондай-ақ Үкіметтен келген заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлінді.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті Адамдардың реадмиссиясы туралы Қазақстан мен Норвегияның үкіметаралық келісімін ратификациялау туралы заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.
Қаржы және бюджет комитетіне Қазақстан Үкіметі мен Халықаралық көрмелер бюросы арасындағы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты ресми қатысушыларға арналған жеңілдіктер мен преференциялар туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жүргізу тапсырылды.