Сенат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілген заңды қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы қабылданды. Аталған құжатқа Мәжілістің бірқатар депутаттары бастама жасаған болатын.
«Баршамызға белгілі, 2015 жылдың 1 қаңтарынан жаңа редакциядағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі күшіне енеді. Бұл құжатқа Елбасы 2014 жылдың 5 шілдесінде қол қойған болатын. Ал ағымдағы жылдың сәуір айынан бүгінгі күнге дейін Парламент заңнамалық актілер қабылдап, олар 2011 жылдан бергі қолданыста болған Әкімшілік кодекске бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осыған орай, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс қабылданған кезде Парламентте қаралып жатқан ел заңдарымен осы кодекстің ережелері сәйкестендіріледі», - деді Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов.
Оның айтуынша, құжаттың қабылдануы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекет мүддесінің әкімшілік құқық бұзушылықтардан тиімді қорғауды қамтамасыз етеді, құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімділігін арттырады.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.