Сенат әскери полиция органдарының қызметін жетілдіруге қатысты құжатты мақұлдады
Заң әскери полиция органдарының қызметін жетілдіру мақсатында әзірленді. Әскери полиция органдарының міндеттерін, құзыретін, құрылымын, өкілеттіктерін айқындау, сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан функцияларын заңнамалық тұрғыдан бекіту бөлігінде өзгерістер көзделген. Әскери полиция органдарының күштік ведомстволарға бағыну тәртібі, сондай-ақ олардың өзара және басқа да мемлекеттік органдармен іс-қимыл жасау тәртібі реттелген.
«Әскери полиция органдарына Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, әскери қызметшілерді қамаққа алу, әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаны, сондай-ақ қоғамнан уақытша оқшаулаудың өзге де шараларын орындау бойынша міндеттер жүктеледі. Заңда әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің күшін, арнаулы құралдарды, қаруды қолдану мәселелері, сондай-ақ олардың кадрлық құрамы және әлеуметтік қамсыздандырылу мәселелері реттеледі», - делінген Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мәліметінде.
Бұл құжатты талқылау барысында Мәжіліс қабылдаған Заңға мынадай негізгі бағыттар бойынша өзгерістер енгізілді:
- Заңның 1-бабының тақырыбының атауы аталған баптың мазмұнына сәйкес келтіріледі;
- әскери полиция органдарының міндеттері, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полиция органдарының міндеттері нақтыланады;
- әскери полиция органдары әскери қызметшілерінің қару қолдануы жөніндегі норманың редакциясы нақтыланады.