Сенат ауылдағы жайылымдар көлемін ұлғайтуға арналған заңды мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда талқыланып, мақұлданды.

Прокурорлық талдау
Фото: СҚО прокуратурасының баспасөз қызметі

Заң Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленіп, жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

«Заңның негізгі ережелеріне тоқталып өтпекпін. Біріншіден, Жер кодексіне өзгерістер енгізілген. Облыстың жергілікті атқарушы органдарының жайылымдардың тозуына және шөлейттенуіне қарсы күрес, жайылымдарға су тарту жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеу және бекіту бойынша өкілеттіктерін кеңейтуді көздейтін түзетулер қамтылды. Аталған іс-шараларды іске асыру төмен тұрған жергілікті атқарушы органдарға бекітілді. Бұл қадамдар жайылымдардың одан әрі тозуын әрі шөлейттенуін болдырмауға мүмкіндік береді және тозған жерлерді қалпына келтіруге, оларды ұтымды пайдалануға, жер ресурстарының өнімділігін арттыруға ықпал етеді», - деді сенатор Сәкен Арубаев.

Қолданыстағы Кодексте жайылымның жалпы алаңына мал басына сәйкес түсетін жүктеме нормасының 20 пайыздан аз болса, артық жайылым мемлекетке қайтарылуға жатады.

«Ал, ұсынылған Заң бойынша түсетін жүктеме нормасы 50 пайыздан аз болған жағдайда, артық жайылым қайтарылады. Енгізіліп отырған норма жайылымдарды тиімді пайдалануға бағытталған. Сонымен қатар, бұл жайылымдардың жетіспеушілігін азайтады. Қолданыстағы Жер кодексінің 36-бабында ауыл халқын шалғайдағы жайылыммен қамту үшін конкурссыз 5 жылға тікелей жер беру туралы норма қазіргі заңнан мүлдем алынып тасталады. Бұл ретте, шөп шабу үшін жер учаскелерін беру тәртібі өзгерген жоқ. Айта кету керек, қолданыстағы норма жеке тұлғаларға және ұйымдасқан шаруашылықтарға конкурстан тыс жайылымдар беру арқылы ауыл тұрғындарын қоғамдық тұрғыда пайдалану мүмкіндігінен айырды», - деді депутат.Екіншіден, Орман кодексіне де өзгерістер енгізілді. Заңмен орман және табиғат қорғау мекемелерін жыл сайын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына шөп шабуға және мал жаюға болатын мемлекеттік орман қорының учаскелері туралы мәліметтер беруге міндеттейтін түзету енгізілген. Аталған түзету орман қоры жерлеріндегі жайылымдарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

«Үшіншіден, «Жайылымдар туралы» Заңға енгізіліп отырған негізгі өзгерістер бар. «Көпшілік пайдаланатын жайылымдар» туралы жаңа ұғым енгізілді. Қоғамдық жайылымдар елді мекендердің іргелес аумағында орналасып, жеке ауланың мал жаюына жергілікті халықтың сұранысын қанағаттандыруға арналған. Оларды ауылшаруашылық жерлерінің басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салынады. Сонымен қатар, олар жекеменшікке берілмейді және тек халықтың мал жаюына пайдаланылады. «Көпшілік пайдаланатын жайылымдар» көлемін ұлғайту мақсатында ауылдық елді мекен шекарасынан тыс орналасқан жайылымдарды ауыл әкімдерінің құзыретіне беру туралы норма ұсынылып отыр. Қазіргі кезде олар аудандық атқарушы органның құзыретінде. Бұл норманың басты мақсаты – жеке мал жаю үшін жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты ауыл әкімдерінің құзыреттерін кеңейту және жайылымдарды пайдалану туралы жоспардың кешенділігін қамтамасыз ету. Жайылымдарды пайдалану туралы жоспар енді 5 жылға арналып жасалады», - деп түсіндірді сенатор.

Төртіншіден, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға жергілікті Қоғамдастық жиынында аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ әкімдерінің жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі Жоспардың іске асырылу барысы туралы жыл сайынғы есебін тыңдайтыны туралы түзету енгізіледі.

«Қаралып отырған Заңның қабылдануы ауылды жерлерде ең өзекті мәселелердің бірі саналатын ауыл тұрғындарының жеке малдарын жайылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады», - деді Сәкен Арубаев.