Сенат «Айбын» орденін даңқты батырлардың есімімен атауға қатысты заңды мақұлдады

 орден «Айбын»
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңы мақұлданды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық жасаған Заңның мақсат - мемлекеттік награда жүйесін жетілдіру, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы
15 наурыздағы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық құрылтайының үшінші отырысында берген тапсырмасын орындау.

Заңда «Айбын» орденінің әртүрлі дәрежелеріне Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерін беру ескерілген.

«Атап айтқанда, I дәрежелі «Айбын» орденін Сағадат Нұрмағамбетовтің есімімен, II дәрежелі «Айбын» орденін Бауыржан Момышұлының есімімен, III дәрежелі «Айбын» орденін Рахымжан Қошқарбаевтың есімімен атау ұсынылды», - деді Сенат депутаты Андрей Лукин.
Заң мақұлданған кезде күтілетін нәтиже - даңқты батырлардың жауынгерлік ерліктерін мәңгілік есте қалдыру, сондай-ақ жалпыұлттық сананы, қазақстандық азаматтық бірегейлікті нығайтуға, әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға ықпал ету.

Соңғы жаңалықтар