Сенат «Азаматтық қорғау туралы» заңды қабылдады
Парламент қабылдаған құжат апаттарға қарсы іс-қимылдың жаңа идеологиясын жасау, төтенше жағдайлар, Азаматтық қорғаныс, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі, мемлекеттік материалдық резервтер мен апаттық құтқару қызметтері саласында қағидатты жаңа тұжырымдама қалыптастыруға негізделеді. Бұдан бөлек, құжатта уақыт талаптарына сәйкес, азаматтық қорғау саласы мен мемлекеттік басқару органдары арасындағы уәкілеттілікті белгілеу мен оның аражігін ажырату қарастырылады.
«Сонымен қатар, заң жобасы зор экономикалық залалға соқтыратын табиғи ауытқулар санының өсуіне, ел аумағының басым бөлігінің сейсмоқауіпті аймақтарда орналасуына, сондай-ақ Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетінің, соның ішінде қауіпті технологиялы өндірістер есебінен өсуіне жауап болып табылады. Ал оның барлығы біздің басты міндетімізге - халықты қорғауға бағытталады», - дейді Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко.
Тоқтала кететін жайт, заң жобасымен «азаматтық қорғау» атты жаңа түсінік енгізілген. Бұл Қазақстан халқын, нысандары мен аумағын қорғауға, азаматтық қорғаныс шараларын қоса алғанда, төтенше жағдайлар аймағында қалған тұрғындарға медициналық және психологиялық көмек көрсетуге бағытталған жалпы мемлекеттік шаралар кешенін қамтиды.
Тұтастай алғанда, заң жобасын қабылдау еліміздің барлық аумағында азаматтық қорғауды ұйымдастыру мәселелері бойынша бірыңғай құқықтық, ұйымдық, ақпараттық және әдістемелік өрісті қалыптастыруға, сондай-ақ ұзақ мерзімге арналған апаттарға қарсы бірыңғай іс-қимыл идеологиясын жасауға септігін тигізбек.