Сенат азаматтық процестік заңнаманы жетілдіруге бағытталған құжатқа Ұлт жоспарына қатысты бірқатар түзетулер енгізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын үшінші оқылымда талқылады.

    Сенат азаматтық процестік заңнаманы жетілдіруге бағытталған құжатқа Ұлт жоспарына қатысты бірқатар түзетулер енгізді

Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Аталған заң жобасы негізінен кейбір заңнамалық актілерді Азаматтық процестік кодекс жобасына сәйкес келтіруге бағытталады. Сонымен қатар, сенаторлар құжатты талқылау барысында Елбасының бес институттық реформасындағы «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін атап өтеді. Атап айтқанда, Ұлт жоспарын жүзеге асыруда Мемлекет басшысы қолданыстағы заңнамаға үш буынды сот жүйесіне көшуді көрсеткен болатын.

Бұл ретте заң жобасына Ұлт жоспарын орындау үшін үш сатылы жүйенің құрылу жағдайындағы қылмыстық істерді қараудың процестік тәртібін қарастыратын 16-қадам, барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізуді көздейтін 20 қадам, алқа билер соты қолданылатын салаларды кеңейтумен және заңды түрде алқа билер соты міндетті түрде қарастырылатын істердің санаттарын анықтауға қатысты 21-қадам енгізіліп отыр. Сонымен қатар, Ұлт жоспарының 22-қадамында адамның және азаматтардың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттікті тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыпталушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету туралы жүктелген болатын. Осыған орай, заң жобасында аталған өзгерістер мен толықтырулар қарастырылып отыр.

Айта кетерлігі, Сенат депутаттары ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар енгізу бағытында заң жобасының атауын «Сот төрелігін жетілдіру мәселелері» бойынша деп ауыстыруды да ұсынған. Бұл түзетулер енді Мәжілісте талқыланатын болады.