Сенат азаматтық заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасын Мәжіліске қайтарды
Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
Аталған құжат экономиканы дамытудың маңызды шарты ретінде азаматтық заңнаманың тұрақтылығын сақтау кезінде Азаматтық кодекстің институттары мен нормаларын жетілдіруге бағытталады. Сонымен бірге жекеменшік институттармен келісімшарттық қатынастарды барынша нығайтуды көздейді. Мәселен, осындай институттармен келісімшарттық қатынастарды нығайту мақсатында құжат бойынша мәміле жарамсыздығына, кепілдік жарна институтын енгізуге, көлік құралын экипажсыз жалдау шартына қатысты біршама өзгерістер енгізіледі. Бұдан бөлек заң жобасымен жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған нормалар қамтылып отыр. Заңды тұлғаның жеке мүліктік емес құқықтарды бұзғаны үшін моральдық зиянды өндіріп алу мүмкіндігін болдырмауға бағытталған түзетулер де енгізілген. Жалпы алғанда жобаға сәйкес қолданыстағы 26 заң актілеріне өзгерістер мен түзетулер енгізіледі. Екінші оқылымда талқылау барысында сенаторлар заң жобасына бірқатар түзетулер енгізген болатын. Осыған байланысты, құжат Парламент Мәжілісіне жіберілді.