Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сенат «Бәйтерек» кешенін құру бойынша ҚР мен РФ үкіметаралық келісіміне енгізілген өзгерістерді ратификациялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының депутаттары 2004 жылы 22 желтоқсанда қол қойылған «Бәйтерек» кешенін құру бойынша ҚР пен РФ арасындағы үкіметаралық келісімге енгізілген өзгерістерді ратификациялады.

Сенат «Бәйтерек» кешенін құру бойынша ҚР мен РФ үкіметаралық келісіміне енгізілген өзгерістерді ратификациялады

Сенаттың жалпы отырысында аталмыш заң жобасын Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев ұсынды.

Оның айтуынша, бұл келісім «Байқоңырда» заманауи, экологиялық қауіпсіз «Бәйтерек» ғарыш кешенін құруды көздейді. Онда «Протонды» алмастыратын залалы аз «Ангара» зымыран тасығышы негізінде ұшырылымдар болады деп жоспарлануда.

«Оны іске асыру үшін «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорны ашылды. Оған 19 жылға 223 млн. доллар шамасында бюджеттік несие бөлінген. Келісім талабы бойынша Ресей тарапы 2008 жылы «Ангара» зымыранын Плесецк ғарыш айлағында сынауы тиіс болған. Бұл сынақтар толығымен былтыр ғана өтті және сәтті аяқталды. Соған байланысты жобаны жүзеге асыру созылып кетті. Жоба құны да шарықтап, 1 млрд. 680 млн. долларға жетіп отыр. Кешен әлі құрылған жоқ, несие қайтару мерзімі келіп қалды», - деді Т.Мұсабаев.

Қазіргі уақытта жобалау құжаттары түзетілуде. Жобаны іске асыру талаптары да ресейлік тараппен жіті үйлестірілуде.

Ратификацияланған келісімде жеңілдетілген несие шарттары өзгертілді, енді оның төлем мерзімі 2019 жылға дейін шегерілді.