Сенат биологиялық ресурстарды сақтауға арналған құжатты мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы (Балық аулау субсидиялары жөніндегі келісім) ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады.

Мәжіліс қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс туралы заң жобасын қабылдады
Фото: Виктор Федюнин/ҚазАқпарат ХАА

«2022 жылғы 12-17 маусым аралығында Женевада Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне (балық аулау субсидиялары жөніндегі келісім) өзгерістер енгізу туралы хаттама қабылданды. Бұл құжат теңіздегі балық аулауды және онымен байланысты теңіз қызметін қамтитын алғашқы көпжақты сауда келісімі саналады. Келісімнің негізгі мақсаты — заңсыз, хабарланбайтын және реттелмейтін балық аулауды, сондай-ақ қайта ауланатын қорларды субсидиялауға тыйым салуды жүзеге асыру», — деді сенатор Закиржан Кузиев.

Оның айтуынша, келісімнің қабылдануы биологиялық ресурстарды сақтауға және ұтымды пайдалануға, сондай-ақ олардың орнықты пайдаланылуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

«Осы Келісімді қабылдау Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер үшін міндетті саналады. Жалпы, келісімді ратификациялау Қазақстанның көпжақты сауда байланыстары бар ел ретіндегі халықаралық имиджіне оң әсерін тигізеді», — деді депутат.

Хаттама теңіз биологиялық ресурстарын қалпына келтіруге және биоәртүрлілікті сақтауға мүмкіндік береді, сонымен қатар климаттың өзгеруіне қарсы күреске әлеуетті түрде елеулі үлес қоса алады.