Сенат биоотын өндірісі мен айналымын реттеуге байланысты екі заң жобасын Мәжіліске қайтарды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, заң жобасының негізгі мақсаты биоотын өндірісін және айналымын дамыту, биотын өндірісі кезінде мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін реттеу, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау болып табылады. Құжатты қабылдау биоотын өндірісі және айналымы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуді қамтамасыз етуге және құқықтық, экономикалық, ұйымдастыру жағдайларын айқындауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, құжатты қабылдау теріс әлеуметтік және экономикалық салдарға әкеп соқпайды, отын ресурстарының экологиялық таза көздерін ұтымды пайдалану үшін қажетті құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Оның үстіне экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу, энергияның тиімділігі және энергия үнемдеу, эмиссияларды, оның ішінде парниктік газдар мен озон қабатын бұзатын заттарды азайту Қазақстан Республикасының 2024 жылға дейінгі тұрақты дамуға көшу басымдықтары болып табылады.
Құжатты екінші оқылымға әзірлеу барысында сенаторлар заң жобасына бірқатар түзетулер жасады. Атап айтқанда, жоғары палата депутаттары «биоотын айналымы» ұғымын енгізді әрі жобаның тұжырымдамасына қатысты өзгерістер де орын алды. Бұдан бөлек түзетулердің бір парасы редакциялық және нақтылау сипатында болып отыр.
Сондай-ақ, жиын барысында палата депутаттары аталған құжатпен байланысты «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын да екінші оқылымда талқылап, қос бірдей құжатты Мәжіліске қайтарды.