Сенат бизнесті жүргізу жағдайын жақсартатын заңды қабылдады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты ендіру және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін әзірленді. Құжатта бизнесті қолдайтын жаңа заңнамалық шаралар ұсынылды. Соған сәйкес, бизнесті реттейтін құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау тәртібі кәсіпкерлердің заңды мүдделерін ескере отырып күшейтіледі. Бұл заң бизнесті дамытуға қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге және мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлердің қызметіне негізсіз араласуды болдырмауға бағытталған», - деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Бизнесті жүргізу үшін оңтайлы жағдай жасау – Заңның басты мақсаты. Мысалы, бизнеске қойылатын қосымша талаптардың пайда болуына орай енді «1 in 2 out» қағидаты бойынша күрес жүретін болады. Бұл дегеніміз, бір жаңа талап енгізілгенде немесе бизнеске қатысты реттеуді қатаңдатқанда, бизнесті құқықтық реттеудегі сол саладан басқа екі талап алынып тасталуы тиіс. Сонымен қатар осы Заңға сәйкес, енді мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары бизнеске залал келтіргені үшін заңды түрде жекелей жауапты.