Сенат бірқатар халықаралық келісімді қарайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда палата депутаттары бірқатар халықаралық келісімді қарап, бұған дейін Мәжіліс қабылдаған топырақты қорғауға, нотариаттық қызметке қатысты заңдарды пысықтайды.
Сонымен, алдымен сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің және Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі мен Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі резиденцияларының мұқтаждығы үшін Астана қаласы мен Бішкек қаласындағы ғимараттарды және жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды талқыға салады.
Бұл құжатқа сәйкес, Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігіне ауданы 0,75 гектар жер телімі, ал Қазақстан Елшісі резиденциясы үшін 0,17 гектар жер телімі бөлінеді. Ал Қырғызстанның Қазақстандағы Елшілігіне ауданы 0,74 гектар жер телімі, Елші резиденциясы үшін 0,125 гектар жер телімі беріледі. Заң бөлінген ғимараттар мен жер учаскелерін құқықтық реттеуді көздейді. Келісімді ратификациялау тараптардың мүдделеріне сай келеді. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы саяси диалог пен өзара сенімді, сонымен қатар өзар іс-қимылды дамыту үшін берік негіз болады.
Палата депутаттары қарайтын келесі Заң - «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге 2006 жылғы 4 қыркүйектегі Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы».
Хаттамаға 2024 жылғы 8 тамызда Астана қаласында қол қойылды. Құжат автокөлік пункттерін екіжақтыдан көпжақтыға өзгертеді. Сондай-ақ жұмыс істеу тәртібін жарық уақыттан тәулік бойына ауыстырады. Аталған шара өткізу қабілетін арттыруға, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және туризмнің дамуына оң әсерін тигізеді. Бұл өзгерістер арасындағы көлік-транзиттік қатынасты одан әрі дамытуға өз үлесін қосады.
Сенат «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді («Экономиканың инклюзивті және орнықты өсуі» даму саясатын қаржыландыруға арналған екінші қарыз) ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Инклюзивті және орнықты экономикалық өсу бағдарламасы) ратификациялау туралы» Заңдарды да қарауды күн тәртібіне енгізіп отыр.
Ел Президентінің биыл 15 мамырдағы және 15 маусымдағы Жарлығына сәйкес ,жалпы сомасы 154,7 млрд жапон иенін құрайтын қарыз туралы келісімдерге 2026 жылғы 20 мамырда және 15 маусымда қол қойылды. Жапон иені валютасын таңдаудағы негізгі себеп. Ол Жапониядағы төмен базалық пайыздық мөлшерлемеге және теңге мен жапон иені арасындағы тығыз байланысқа негізделеді.
Бұл қаражат экономиканың маңызды салаларын қаржыландыруды қоса алғанда, Үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға мүмкіндік ашады. Аталған банктердің қарыздары, 5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 11 жыл өтеу мерзімімен беріледі. Тартылатын қарыздар бойынша міндеттемелер, ұсынылып отырған келісімдерде бекітілген қаржылық шарттарға сәйкес, республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
«Топырақты қорғау туралы» Заң мен оған ілеспе құжат та сенаторлардың сүзгісінен өтеді. Құжаттарға сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердегі топырақты қорғау ерекшеліктерін регламенттеу үшін мынадай талаптар белгіленеді:
— топырақты қорғаудың ең үздік қолжетімді технологияларын пайдалану, міндетті түрде ауыспалы егістерді енгізу;
— тыңайтқыштарды қолданудың ғылыми негізделген жүйесіне қатаң түрде сәйкестікте органикалық және минералды тыңайтқыштарды енгізу, топырақта химиялық элементтердің қауіпті мөлшерде жиналуын болғызбау;
— топырақтың сарқылуына әкелетін оның жай-күйіне байланысты белгілі бір ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді шектеу.
Ал «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды нотариат туралы заңнаманы жетілдіру және нотариаттық қызмет саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында Парламенттің бір топ депутаты әзірлеген. Ол нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде заңдылықты қамтамасыз етуге және нотариаттық көрсетілетін қызметтердің ұсынылу сапасын арттыру үшін жағдай жасауға бағытталған.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Сенаттың жалпы отырысында бірқатар халықаралық келісім мен маңызды заңдар мақұлданды. Олардың бірі - «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң.
Келісімнің негізгі мақсаты – трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тұрақты әрі тиімді тетіктерін қалыптастыру, мемлекетаралық су шаруашылығы нысандарының қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету және су ресурстарын әділ әрі ұтымды пайдалану.
Сонымен қатар сенаторлар «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң мен оған ілеспе құжатты мақұлдады.
Құжатта келісімдердің түсіндірме аппараты кеңейтіліп, «транзит», «әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз ету», «аэронавигациялық қызмет көрсету» және «аэронавигациялық деректер» секілді терминдермен толықтырылды. Әскери құралымдарды Қабылдаушы тараптың аумағына жіберудің шарттары егжей-тегжейлі айқындалды. Шұғыл ден қою жағдайлары үшін әскери тасымалдауға өтінім беру мерзімі үш тәуліктен бір тәулікке дейін қысқартылды.
Мақұлданған «Психологиялық қызмет туралы» Заң аясында психологтардың Әдеп кодексі бекітіліп, кәсіби жауапкершілік пен құпиялылық қағидаттарын сақтау қамтамасыз етіледі.
Психологиялық көмектің сапасын арттыру мақсатында ғылыми негізделген әдістерді қолдану талабы енгізіліп, мамандардың кәсіби дамуын қолдайтын супервизия институты қарастырылған. Заңның маңызды жаңалықтарының бірі – психологтарды сертификаттау институтын енгізу. Сертификаттау маманның кәсіби даярлығы мен біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу көзделіп отыр.
Ал «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заңда атом саласын дамыту барысында қоғамды алаңдатып отырған сұрақтарға жауап беретін, адамдардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын қорғайтын сенімді құқықтық кепілдіктер қалыптастырылған. Олардың ішінде, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қатынастарда мемлекет, кәсіпорындар, жергілікті билік үшін қатаң ережелер бекітілген, шетелдік радиоактивті қалдықтарды елге әкелуге тыйым салынған, мұрағаттық радиоактивті қалдықтарды жою тетіктері қарастырылған.
Аталған нормалар жалпы еліміздегі экологиялық жағдайды сауықтыруға ғана емес, сонымен қатар, ядролық сынақтардан зардап шеккен өңірлердің дамуына оң әсер етеді.