Сенат бюджет қаражаты көлемін өсіруге бағытталған заңды қабылдады
«2022 жылғы 19 сәуірде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары тауар тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы Келісімге қол қойды. Осы Келісім тауарларды навигациялық пломбаларды қолдана отырып, оларды Еуразиялық экономикалық одақтың аумағы бойынша өткізу кезінде қадағалау мүмкіндігін қамтиды. Тауарлардың санаттары мен көлік ерекшеліктеріне байланысты өтпелі кезеңдер қарастырылған. Бұл қадағалаудың әрбір кезеңінің басталуымен навигациялық пломбаларды қолданудың тиімділігін жетілдіруге мүмкіндік береді», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Оның айтуынша, бизнес үшін осы келісімнің артықшылығы – өз тауарларын ЕАЭО кеңістігінде қауіпсіз транзиттеу, оған мүше мемлекеттердің бақылаушы органдары жағынан бақылаудың қосымша іс-шараларын болдырмау мүмкіндігін жасау.
«Келісім мемлекет үшін халықаралық тасымалдардың ашықтығын, «жалған транзит» пен «жалған импортты» болдырмауға және бюджетке ақша түсімдерінің ұлғаюына мүмкіндік береді», - деді министр.