Сенат Бюросы палатаның алдағы отырысында қаралатын күн тәртібін нақтылады

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Сенат спикері Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Бюро отырысы болды. Бюрода Парламент Мәжілісінде мақұлданған заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттері мен Аппаратына берілді. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметінен хабарланды.

Сенат Бюросы палатаның алдағы отырысында қаралатын күн тәртібін нақтылады

Отырыста Қаржы және бюджет комитеті «1993 жылғы 24 желтоқсандағы Әртүрлі мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы шаруашылық дауларды қарау кезіндегі мемлекеттік баждың мөлшері мен оны өндіріп алу тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын пысықтау жөніндегі бас комитет болып белгіленді.

Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитеті «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.

Осы комитет «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша да бас комитет болды.

Бюрода сондай-ақ, Сенаттың 2013 жылғы 7 наурызда болатын кезекті жалпы отырысының күн тәртібі талқыланды. Алдағы бейсенбі күні жоғарыдағы заң жобаларын палата отырысында қарастыру көзделіп отыр.