Сенат цифрлық майнингке қатысты құжаттарды Мәжіліске қайтарды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Заңы мен ілеспе құжаттар қаралды. Бұл құжаттарға түзетулер енгізілгендіктен, олар Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Бекболат Орынбековтің айтуынша, Заңды талқылау барысында бас комитеттің ескертулері мен ұсыныстары ескеріле отырып, Мәжіліс қабылдаған құжатқа тиісті өзгерістер енгізу ескерілген.

«Бұл тұрғыда цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензиялардың кіші түрлерінің атауларын нақтылау ескерілген. Сонымен қатар, цифрлық майнинг қызметін жарнамалауға қатысты нормаларды алып тастау, өйткені олар «Жарнама туралы» Заңда және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексте көзделген. Мұнымен қоса, заң нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдерін нақтылау ұсынылды. Осыған орай, комитет ҚР Конституциясының 61-бабының 4-тармағына сәйкес Заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және оларды жаңа редакцияда көрсете отырып, Мәжіліске қайтаруды ұсынады», - деді Б. Орынбеков.

Заңның міндеттері:

- жаңа терминологияны енгізу (цифрлық актив, цифрлық активтер биржасы, цифрлық майнинг, цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы);

- цифрлық майнерлер қызметін лицензиялау;

- цифрлық майнингтік пулдар қызметін жүзеге асыру;

- салық салу мақсатында цифрлық майнерлер мен цифрлық майнингтік пулдардың кірістері туралы мәліметтерді ұсыну;

- цифрлық активтер биржаларының қызметін регламенттеу;

- цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік бақылау;

- Қазақстан Республикасының цифрлық активтер саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық.

Атап айтқанда, бұл заңда ұлттық энергия жүйесін реттелмейтін цифрлық майнингтен қорғау қарастырылған. Майнерлер пайдалана алатын электр энергиясы көздерінің тізімі реттеледі. Олар жаңартылатын энергияны, импортталған электр қуатын және өз генерациясын пайдалана алады.

«Цифрлық майнерлерге электр энергиясын жалпы электр жүйесінен тікелей алуға тыйым салынады. Олар электр энергиясы қуатын жалпы энергетикалық жүйеде профицит болған жағдайда ғана және тек қана электр энергиясы мен қуат нарығының қазақстандық оператор биржасы арқылы сатып ала алады. Бұл көлем үшін баға шектеулері алынып тасталады және сауда тек нарықтық тетіктермен жүзеге асырылатын болады», - деді депутат.

Оның айтуынша, цифрлық майнерлер қызметінің екі түрін лицензиялау енгізілді. Бірінші түрі – тиісті инфрақұрылымға, яғни деректерді өңдеу орталықтарына иелік ететін цифрлық майнерлер қызметі. Екіншісі – деректер орталықтарында ұяшықтарды жалға алатын және энергия квотасын талап етпейтін жабдық иелері болып саналатын цифрлық майнерлер қызметі.

«Сонымен қатар барлық майнерлер аккредиттелген қазақстандық майнингтік пулдар арқылы жұмыс істеуі керек. Осылайша, бұрын бұлтты сервистерде жұмыс істеген және Қазақстан экономикасына ешқандай пайдасы жоқ цифрлық майнерлер, енді біздің резиденттеріміз бен салық төлеушілерімізге айналады», - деді Бекболат Орынбеков.

Бұдан бөлек ол қаржы жүйесіне теріс әсер ету тәуекелдерінің алдын алуға қатысты мәселеге тоқталды.

«Қазақстандық қаржы жүйесінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер елде төлем құралы, қаржылық актив және қаржы құралы ретінде танылмайды», - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар