Сенат дамуға ресми көмек жөніндегі заң жобасын Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Дамуға ресми көмек туралы» заң жобасын талқылады. Құжатқа сенаторлар тарапынан бірқатар түзетулер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Сенат дамуға ресми көмек жөніндегі заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Заң жобасының негізгі мақсаты әріптес елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында Қазақстанның ол елдерге дамуға ресми көмек көрсетуі процесінде туындайтын қатынастарды құқықтық реттеу болып табылады. Сонымен қатар, заң жобасында негізгі ұғымдардың айқындамалары ашып көрсетіледі, дамуға ресми көмектің мақсаттары, міндеттері, қағидаттары мен секторлық басымдықтары белгіленеді. Құжатты қабылдау дамуға ресми көмектің құқықтық негізін қалыптастыруға, осы саладағы қызметті үйлестіруді жетілдіруге, көмек көрсетуді бақылауға бағытталып, еліміздің халықаралық аренадағы рөлі мен беделін арттыруға септігін тигізеді.

ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, аталған құжат ұлттық заңнамада ғана емес, ТМД кеңістігінде бірегей болып отыр. «Өйткені, ТМД елдерінде тек екі мемлекетте, Ресей мен Әзербайжанда ғана дамуға ресми көмектің жүйесі бар, алайда ол елдердің өзінде толыққанды заң жұмыс істеп тұрған жоқ. Ал Қазақстан өңірде бұл бағыттағы ең бірінші жұмыс істейтін мемлекет болып отыр десек артық емес. Сондықтан да, заң жобасын әзірлеу барысында әлемдік тәжірибелерге сүйендік», - дейді Ерлан Ыдырысов.

Заң жобасы бойынша дамуға ресми көмекті реттеу жүйесі нақты регламенттеледі. ҚР Үкіметінің, уәкілетті орган ретінде Сыртқы істер министрлігінің дамуға ресми көмек саласындағы құзыреті айқындалады. Ал осы саладағы Қазақстанның мемлекеттік саясатын іске асыруға қатысатын заңды тұлғаны Үкімет құратын болады.

Заң жобасын талқылау барысында Сенат тарапынан бірқатар түзетулер енгізілген. Сенатор Бірғаным Әйтімованың сөзіне қарағанда, түзетулер негізінен редакциялық нақтылау сипатында болып отыр.