Сенат денсаулық сақтау мәселелерін қамтитын жобаны бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА.  7 маусым. ҚазАқпарат -  Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Сенат денсаулық сақтау мәселелерін қамтитын жобаны бірінші оқылымда мақұлдады

Аталған құжаттың мақсаты мемлекеттік сатып алулар туралы ратификацияланған келісімге және 2012 жылдың қаңтарында қабылданған заңға байланысты туындаған пациенттің медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы мен халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі олқылықты жою болып табылады.

Бұл ретте «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне және «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңына өзгерістер қарастырылады. Атап айтқанда, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету жөніндегі қызметтер берушіні таңдау және денсаулық сақтау ұйымдарының шығындарын өтеу шаралары қарастырылады.

Сондай-ақ, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу бөлігінде тиісті түзетулер енгізіледі.

Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы, екінші оқылымға әзірлеуге тапсырылды.