Сенат депутаты: Жаңа Ата заң жобасы — нағыз халықтық Конституция

АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық реформа — қоғамның мүддесінен және болашақтың сұранысынан туындайтын тарихи қажеттілік. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов «Референдум-2026» онлайн марафоны барысында мәлімдеді.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов
Фото: Видеодан скрин

Оның сөзінше, жаңа Ата заң жобасында мемлекеттік биліктің бастауы халық және егемендік екені, сондай-ақ, егемендіктің тасымалдаушысы да халық екені айқын көрсетілген. Мұндау жауапкершілікті қалың ел де сезініп отыр.

— Келіп түскен он мыңға жуық өтініштің бәрін де комиссия мүшелері қарастырып, талқылады. Бір мысал келтірейін. Қызылорда облысынан Махамбетәлі Әбдіхамитұлы деген азамат гимннің орнынан «әнұран» сөзін қолдану ұсынысын енгізіп, оның ұсынысы қолдау тапты. Осындай жайттар — халықтың Конституция жобасын талқылауда белсенділік танытқанын көрсетеді. Демек, халық мемлекеттің бағытын өзі айқындайтынын, егемендікке өзі тірек болатынын біліп отыр, — деді депутат.

Сол себепті, Р. Рүстемов жаңа Ата заң жобасына «нағыз халықтық Конституция» деп баға берді.

Айта кетейік, бұған дейін преамбуланың нақты әрі жан-жақты жазылғаны жөнінде хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар