Сенат депутаттары АШМ Су ресурстары комитетінің басшылығымен кездесті
АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті депутаттарының Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің басшылығымен кездесуінде 2002-2010 жылдарға арналған «Ауызсу» мемлекеттік бағдарламасы талқыланды.
Талқылауға Сенат депутаттары, Сенат Аппаратының, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің, Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Астана қаласы әкімдігінің жауапты қызметкерлері, сумен қамту кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Талқылауды аша келіп, Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Болат Жылқышиев 2002-2010 жылдарға арналған «Ауызсу» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижелері туралы қысқаша әңгімеледі.
Кездесу барысында бұл мақсатқа мемлекет бюджетінен 205,4 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінгені, ұзындығы 12935 шақырым ауызсу құбырының желісі іске қосылғаны айтылды. Шалғайдағы 3417 ауыл мен село таза суымен қамтамасыз етілді.
Сенатор сондай-ақ 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру барысына назар аудара отырып, бұрынғы бағдарламаларды орындау кезінде анықталған жетіспеушіліктерді республикалық маңызы бар Астана және Алматы қалаларын сумен қамтамасыз етуде ескеру қажеттігін атап өтті.
Кездесуде Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы А.Орман, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының орынбасары С.Дембай және Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Қ.Смағұлов сөз сөйлеп, депутаттардың сауалдарына жауап берді.
Кездесуді қорытындылаған Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Б.Жылқышиев 2002-2010 жылдарға арналған таза ауызсу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға теріс әсер еткен олқылықтарға «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыратын құрылымдар басшыларының назарын аударып, осы сала бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар, инвесторлар мен ғылыми институттар және үкіметтік емес сектор арасындағы өзара іс -қимылды үйлестіру қажеттігін атап өтті.
2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасын іске асыруға қатысты депутат осы жұмыстардың тиімділігіне бағытталған, атап айтқанда, облыс әкімдіктері жанынан сумен қамтамасыз етуге жауап беретін кәсіпорындарды құру және қажетті инфрақұрылым қалыптастыру, суды пайдалану нысандарының құрылысы мен пайдаланатын кәсіпорындардың жабдықталуы, халықаралық стандарттарға сәйкес нормативтік-құрылыс құжаттарымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстар айтты.