Сенат депутаттары Астана маңындағы әскери бөлімде болды
АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының бір топ депутаты Астанадағы Қорғаныс министрлігінің Аэроұтқыр әскері орналасқан 68665 әскери бөлімінде болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов бастаған сенаторлар ең алдымен қазіргі заманғы талаптарға сай салынған 350 орындық жаңа әскери казарманы аралап көрді. Казармада Интернет жүйесіне қосылған орындар, спортпен шұғылдануға арналған залдар, қару-жарақты тазалап, сақтауға арналған бөлмелер және басқа да әскерилерге қажетті жабдықтар бар. Халық қалаулылары әскери бөлімнің техникалық, қару-жарақтық байланыс құралдарының қамтамасыз етілуімен де жете танысты. Десантшылар ұйымдастырған оқу-жаттығу шараларынан сарбаздардың дайындық деңгейін бағалады.Сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов, қорғанысқа бөлінген қаржының тиісті дәрежеде жұмсалып жатқандығын, кездесудің нәтижелі болғандығын айта келе, «бүгін біз әскерилердің тұрмысымен, оқуымен, әзірлігімен, әскери дайындықтарымен таныстық. Өйткені біздің мемлекеттің қорғаныс мәселесі өте маңызды. Қорғанысқа біз бірқатар заңнамалық негіз жасап жатырмыз. Жаңа заңдар қабылдаудамыз», - деді. Қ.Сұлтанов қорғаныс саласына қатысты керек-жарақтың оқ-дәріден бастап, әскери киімдерге шейін, барлық жабдықтарды Қазақстанда шығару мәселесімен айналысып жатқандығын да хабардар етті. Оның айтуынша, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелеріне қатысты заңды қабылдау шаралары жүріп жатыр. «Отан қорғау ісінде атқарып жатқан қызметтеріңізді біз құптаймыз. Президенттің алдарыңызға қойған тапсырмасы бар. Сол тапсырманы орындау бағытында Парламент сіздерді қаржымен қамтамасыз етуді, басқа да жағдайлармен қамтуды мемлекеттік тұрғыда әр уақытта қолдау жасап отырады. Біздің жауынгерлер Иракқа да барып келді. Жауынгерлік дайындық мәселелерінде сіздердің артта қалмауларыңызға тілектеспіз», - деді сенатор.