11:43, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Сенат депутаттары ислам банктеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. Қазақпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Ислам банктерін ұйымдастыру мен олардың қызметі және исламдық қаржыландыру мен ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталмыш құжат Мемлекет басшысының елімізде исламдық қаржыландыру жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес дайындалған. Заң жобасының мақсаты - Ислам банктерінің елдегі қызметінің құқықтық негізін жасап, оны заң жүзінде бекіту. Құжат күшіне енетін болса, еліміздің Салық кодексі, Азаматтық кодексі және «Банк және банк қызметі туралы» барлығы 9 заңнамалық актіге өзгерістер енгізіледі. Сондай-ақ құжат қабылданса, елімізде Ислам банктерінің қызметін жолға қойып, исламдық инвестиция қорларын құруға мүмкіндік туады. Бұған қоса заң жобасы еліміздің қаржы секторына Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия елдерінен инвестициялар тартуға мүмкіндік тудырып, экономикаға қатысты көптеген мәселелердің шешімін тауып, инфляция деңгейінің төмендеуіне жағдай туғызады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді.