Сенат депутаттары Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне байланысты парламенттік тыңдау өткізу туралы мәселе көтерді
АСТАНА. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысындағы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Сенат депутаттары еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі жайында әңгіме қозғап, бұл туралы парламенттік тыңдау өткізу жөнінде мәселе көтерді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жобаны талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов оңтүстіктегі Өзбекстанмен шекараға баса назар аудару қажеттігін айтып, осы маңда қоныстанған 700 мың халық ақпараттық қамтамасыз етілмей отырғанын сөз еткен болатын. Оның айтуынша, шекара маңындағы өңірлерді идеологиялық мәселеден алшақтатпау, қайта мемлекеттік ақпаратпен толық қамтамасыз етуді дұрыс жолға қою қажет. Сенатордың пайымдауынша, бұнда мәселе шекара маңындағы жиілікті пайдалану екі мемлекеттің келісімшарты арқылы ғана шешімін табады. «Егер жиілікті пайдалану туралы келісім дұрыс шешілсе, шекара маңындағы аудандардың барлығы қазақ тілінде хабар көре алатын болады», деді Қ. Айтаханов.
Сонымен бірге, сенатор Светлана Жалмағамбетова да сайлаушылармен кездесуі барысында дәл осы мәселенің өзекті әңгімеге ұласқанын алға тартты. «Солтүстік облыстағы бірқатар аудандар спутник арқылы бір телеарнаның көрсетілетінін айтады. Ресейлік болуы мүмкін деп саналатын осы арнада Қазақстан туралы теріс ақпараттар таралып, тіпті лаңкестік әрекеттер туралы да айтылатын көрінеді», деді С. Жалмағамбетова.
Осындай әңгіме барысында сенатор Бауыржан Мұхамеджанов әріптестерінің Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігі туралы көтерген мәселесіне қолдау білдіре отырып, еліміздің кейбір өңірлерінде ақпараттың жетпеуінен үлкен проблема туындайтынын атап өтті. «Менің ойымша, жалпы Қазақстандағы ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне арналған парламенттік тыңдау өткізген, онда жан-жақты талқылаулар жасаған орынды. Өйткені, Қазақстан азаматтары өздерінің елінде отырып, өз мемлекетінде болып жатқан жаңалықтан құр қалуының өзі үлкен проблема», деді Б. Мұхамеджанов.