Сенат депутаттары мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселесін талқылады

АСТАНА. 9 қараша. ҚазАқпарат - Парламент Сенаты депутаттарының мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен бүгінгі кездесуінде мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселесі талқыланды,
None
None

деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасымен болған шараның негізгі тақырыбы «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңын жүзеге асыру және Қазақстандағы мүгедектер құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар жобасын орындау мәселесі болды.

Кездесуді аша келіп, комитет төрағасы Ақан Бижанов қоғамдық өмірге қатысу үшін мүгедектерге тең мүмкіндіктер жасау, мүгедектерді әлеуметтік қорғау және кәсіби тұрғыда оңалту жүйесін қалыптастыру қажеттігі туралы айтты.

«Қазіргі кезде елімізде 563 мың мүгедектер бар, бұл жалпы халықтың 3 пайызынан асады»,-деді сенатор.

Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласында нормативтік-құқықтық негіз жасалды. Заңнама халыққа еңбекке жарамдылықты жоғалту қаупін ескертуге, мүгедек болған жағдайда әлеуметтік қамтамасыз ету және қолдау, өмірі қиын жағдайдағы адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге бағытталған.

А.Бижанов айтқандай, мүгедектерді еңбекке орналастыруға, олардың қозғалысы үшін жағдайды қамтамасыз етуге байланысты өткір мәселелерді шешу үшін әлеуметтік үнқатысу мүмкіндігін белсенді іске қосып, тиісті инфрақұрылым жасау керек.

Былтыр мемлекет бюджетінің мүгедектерді әлеуметтік қолдау шығындары 128 миллиард теңгені құрады. Дегенмен, мемлекет қабылдаған шараларға қарамастан шешілмеген бірқатар мәселелер бар. Мәселен, мүгедектерді еңбекке орналастыруда көптеген қиындықтар кездеседі, олардың инфрақұрылымдарға қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар өз деңгейінде емес. Жергілікті жерлердегі мемлекеттік басқару органдарында мүгедектер арбасына арналған кірме жолдар құрылысын салуға, жүруіне арналған құрылғыларға, жаяулар жолдарын дыбыс және жарық белгілерін беру құралдарымен, мүгедектерді көлікке отырғызу және түсіру тетіктерімен жабдықтауға жеткілікті назар аударылмайды.

Кездесуде сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықова мекеменің мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы жұмыстары туралы депутаттарды хабардар етті.

Министр баяндағандай, Қазақстандағы мүгедектер құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар жобасы аясында «мүгедектерді айналадағы ортаға, инфрақұрылым нысандарына, көлік, ақпарат және байланысқа, білім беруге, денсаулық сақтауға, әлеуметтік қызмет көрсету ісіне бірдей қол жеткізуін қамтамасыз ету» шаралары қарастырылып жатыр.

Талқылау барысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігінің басшысы С.Нокин, көлік және коммуникация министрінің орынбасары Р.Скляр, байланыс және ақпарат министрінің орынбасары С.Сәрсенов, Астана қаласы, Ақтөбе және Ақмола облыстары әкімдіктерінің өкілдері, үкіметтік емес сектордың активтері сөз сөйледі.

Кездесу соңында Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А.Бижанов мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамаларды орындау және министрлік әзірлеген Ұлттық жоспарды іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты сенатор бұл жұмыстар мүгедектер өмірін жақсартуға, олардың қоғам өміріне қатысуына теңдей мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар