Сенат депутаттарын сайлауға дайындық ашық, жария түрде өтуде - Мемлекет басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенаты депутаттарын сайлауға дайындық ашық, жария түрде өтуде. Бұл туралы бүгін 5-ші шақырылған ҚР Парламентінің 4-ші сессиясының ашылуында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
None
None

«Төртінші сессияның өз ерекшелігі бар. Ол өздеріңізге белгілі 2008 жылғы қазанда сайланған Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты. Жаңа сенаторларды сайлау мерзімі биылғы жылдың 1 қазанына белгіленіп отыр. Еліміздің жоғарғы заң шығарушы органына 16 өңірден бір-бірден депутат сайланатын болады», - деді Н.Назарбаев.

Қазақстан Көшбасшысының атап өтуінше, Парламент Сенатына сайлауға дайындық ашық, жария түрде өтуде және қоғамда шынайы қызығушылық туғызып отыр.

«Халық арасында саяси белсенділік пен құқықтық мәдениет артып келеді. Сондықтан біздің алдымызда ашық та, әділ сайлау өткізу міндеті тұр. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, Конституцияның нормалары мен қағидаттарын сақтау Қазақстан Республикасының тұрақты демократиялық дамуының кепілі болып табылатындығы сөзсіз. Осыны естен шығармағанымыз абзал», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар