Сенат депутаттарының сайлауы: Бір орынға үш үміткер бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттарды тіркеу кезеңінің қорытындылары қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылғы 24 шілдедегі жағдай бойынша, елімізде Сенат депутаттығына сайлау комиссиялары 58 кандидатты тіркеді. Орташа алғанда бір орынға үш үміткер бар», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев.

Оның сөзіне қарағанда, өңірлер арасында ең көп кандидаттар саны Нұр-сұлтан қаласында және Ақмола облысында – 5 адам тіркелген. Кандидаттардың орташа жасы - 50,9.

Сенат депутаттығына кандидаттар арасында әйелдердің саяси белсенділігі сақталғанына тоқталған ол: «тіркелген кандидаттардың арасында 10 әйел адам бар, яғни 17,2 пайызды құрады. Өткен сайлаумен салыстырғанда, бұл көрсеткіш шамамен екі есеге өсті», - деді.

Айта кетейік, осы жылдың 12 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сенат депутаттарының сайлауын 2020 жылғы 12 тамызға тағайындау туралы қаулысы шыққан еді.

Осыған орай ҚР Орталық сайлау комиссиясының онлайн режимде отырысы өтіп, онда сайлауға қатысты күнтізбелік іс-шарлар жоспары бекітілген. 13 маусымнан бастап Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну басталды. Сондай-ақ үміткерлерге қойылатын талаптар жария етілді.


Соңғы жаңалықтар