Сенат депутаттарының сайлауына әйел кандидаттарды белсенді қатыстыру керек - Б. Тұтқышев
АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Алдағы тамыз айында өтетін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға әйел кандидаттарды белсенді түрде қатыстыру керек.
Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы барысында комиссия мүшесі Бексұлтан Тұтқышев айтты.
«Бүгінгі күні Парламент Сенатында екі әйел ғана бар, олар - Светлана Жалмағамбетова мен Нұрлығайым Жолдасбаева. Бұлар мүлдем азшылықты білдіреді. Дегенмен, қазіргі таңда Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну жүргізіліп жатыр, алайда мен кандидаттар тізімінен ешқандай да әйелдер қауымының өкілдерін көріп отырған жоқпын. Өзін-өзі ұсынғандар арасында да әйелдер мүлдем жоқ», - деді Б.Тұтқышев. Оның айтуынша, бұндай жағдай ЕҚЫҰ шеңберінде және басқа да халықаралық ұйымдарда Қазақстан қабылдап, алған міндеттемелеріне, сондай-ақ Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмаларына еш сәйкес келмейді. Осыған орай, Ұлттық комиссия мүшесі «Нұр Отан» ХДП мен Мемлекет басшысының атына Сенат депутаттығына әйел кандидаттарды ұсынуды белсендіруге қолдау білдіру туралы ұсыныспен шығатынын жеткізді. Бұл мәселені көтерумен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия айналысатын болды.