Сенат депутаттығына кандидаттарға бюджеттен қанша қаржы бөлінеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат депутаттығына сайланатын кандидаттардың шығыстар мөлшері 550 мың теңге шамасында белгіленді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР-дағы Сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 3-тармағына сәйкес, мемлекет Сенат депутаттығына сайланатын кандидаттарға өз бағдарламаларымен БАҚ-қа шығу үшін қаражаттың бөлінуіне кепілдік береді. Кандидаттарға БАҚ-қа шығу үшін қаражат бөлу көлемін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды. ОСК-нің 2018 жылғы 28 тамыздағы Кандидаттарға БАҚ-қа шығу үшін қаражат болу қағидалары мен көлемдері туралы №12-202 қаулысына сәйкес, теледидардан 15 минут, радиодан 10 минут, мерзімді басылымдарда немесе желілік басылымдарда 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде 2 мақала жариялау үшін бірдей қаражат бөлу көзделген. Сондай-ақ «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 33-бабы 2-тармағына сәйкес, республикалық бюджет қаражатынан ОСК белгіленген мөлшерде кандидаттардың сайлау алдындағы көпшілік шараларын өткізуге, үгіт материалдарын шығаруға, көлікке жұмсайтын шығыстары жабылады», - деді ол бүгін комиссия отырысында.

Осыған орай оның атап өтуінше, кандидаттардың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерін белгілеу туралы ОСК қаулысының жобасы дайындалған.

«Сенат депутаттығына сайланатын кандидаттардың шығыстар мөлшері 550 мың теңге шамасында белгіленіп отыр. Бағдарламаны теледидар, радио арқылы баяндау және мерзімді баспасөз басылымдарында 2 материал жариялау 400 мың теңге сомасында, сайлау алдындағы жария іс-шараларды және үгіт материалдарын шығаруға 70 мың теңге сомасында, көліктік шығыстарға 80 мың теңге сомасында болады», - деді Сәбила Мұстафина.


Соңғы жаңалықтар