Сенат депутаттығына үміткер 17 кандидат сайлауға түсе алмады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат депутаттығына үміткер 17 кандидат сайлауға түсе алмады. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
«Сенат депутаттығына үміткер 17 кандидатты сайлауға түсуге тіркеуден бас тартылды. Негізгі себептерінің бірі - олар облыстық сайлау комиссияларына дер уақытында қажетті құжаттарды өткізе алмады. Бұл негізінен кандидаттардың өздерін қолдаушы депутаттардың қолдарын жинауға қатысты орын алды. Олар қажетті қол жинай алмады», - деді Қ.Тұрғанқұлов.
ОСК төрағасының атап өтуінше, 2 кандидат Конституция талаптарына сай келмегені үшін тіркеуден өтпеген.
«Олар өздері сайлауға түсіп отырған аймақта 3 жыл тұру талабын орындамады. Іс сотқа дейін жетіп, олардың талаптары орындалған жоқ», - деді ол. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы декларацияға байланысты тіркеуден өте алмай қалған үміткердің болмағанын баса айтты.