Сенат депутаты БҚО-да жаңа мектептің жұмысымен танысты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Сенат депутаты Ерболат Мұқаев жұмыс сапарымен Зеленов ауданында болып, ауыл халқының тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Депутат әуелі ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Переметный ауылдық округіне қарасты Озерный елді мекенінде жаңадан салынған Киров негізгі мектебінде болды. Қазіргі кезде іші-сырты бірдей жарқыраған ғимаратта 44 шәкірт білім алып, оларға 17 мұғалім сабақ беруде. Сондай-ақ мектеп жанындағы «Балбөбек» шағын орталығында 14 балдырған тәрбиеленуде.
Ерболат Мұқаев сонымен қатар аудан орталығы Переметный ауылында өткен жылы күрделі жөндеуден өткізілген Переметный мектебіне ат басын тіреді. 1961 жылы салынғаннан бері жөндеу көрмеген аталмыш ғимарат та Тәуелсіздік тойына орай қайтадан іске қосылған болатын. Жаңартылған мектепте ұстаздардың жұмыс жасауы мен оқушылардың жан-жақты білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.
Жалпы, мұғалімдер арасында спортпен достасқандар аз емес. Мұны ауданда өтіп жатқан дәстүрлі турнирден де көруге болады. Е.Мұқаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Кеше Теректі ауданында болдым. Ел ішінде жақсы жаңалық-өзгерістер бар екен, халықтың көңілі көтеріңкі. Біз осы жолғы сапарымыз барысында басқа да аудандарда болып, елімізде, Сенатта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелемекшіміз. Оған қоса тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне құлақ түріп, өңірді одан әрі дамыту бағытында облыс басшылығымен бірлесе жұмыстануды жалғастыратын боламыз», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Сенат депутаты.